Олимпиадалық нәтижелер қалай қалыптасады: жоғары жетістіктер спортындағы ғылымның рөлі
Бүгінде спорт тек талант пен ұзақ жаттығудың ғана нәтижесі емес. Спортшыларды даярлау үдерісінің артында барған сайын деректерді талдау, ғылыми зерттеулер, медицина және пәнаралық командалардың бірлескен жұмысы тұр. Осы тақырыптар жоғары жетістіктер спортын заманауи ғылыми тәсілдер қалай өзгертетініне арналған кезекті NU Science Café кездесуінің өзегіне айналды.
Алғашқы спикер ретінде спорттық медицина дәрігері, MD, PhD, Nazarbayev University (NU) Медицина мектебінің спорттық медицина және реабилитация магистрлік бағдарламасының қосалқы жетекшісі д-р Елтай Рахманов сөз сөйледі. Оның зерттеулерінің негізгі бағыты — медицина, биомеханика және ғылыми талдау спортшыларды даярлау мен жоғары жетістіктер спортын сүйемелдеуде дәлірек шешім қабылдауға қалай көмектесетінін зерттеу.
Елтай Қазақстанда, Италияда, Польшада және Қытайда білім алған. Ол спорттық медицина, физикалық белсенділік, қалпына келу және медициналық технологиялар тоғысындағы жобалармен айналысып, сонымен қатар қазақстандық университеттер үшін физиотерапия бойынша пилоттық бакалавриат бағдарламасын әзірлеуге қатысқан.
Оның жұмысының тағы бір маңызды бағыты — ірі қалалардан тыс өңірлерде спорттық және медициналық сараптамаға қолжетімділікті арттыру. Осы мақсатта ол спортшыларды сүйемелдеуде телемедицина мен қашықтан жұмыс істеу тәсілдерін зерттеп, Қазақстандағы заманауи спорттық медицинаны дамытуға үлес қосып келеді.
Оның кәсіби жолындағы ерекше тәжірибелердің бірі Токио Олимпиадасымен байланысты. Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде Халықаралық Олимпиада комитетінің шақыруымен Олимпиада ауылының емханасында дәрігер-ерікті ретінде жұмыс істеп, COVID пандемиясы жағдайында спортшыларды медициналық сүйемелдеуге қатысты. Бұл тәжірибе оған әлемдегі ең ірі спорттық іс-шаралардың бірінде медициналық қамтамасыз ету мен шешім қабылдау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін — хаттамалар сағат сайын өзгеріп отырған жағдайда — өз көзімен көруге мүмкіндік берді.
Кездесу барысында Елтай спорттық медицинаға кеңірек қарауды ұсынды — оны тек жарақаттан кейінгі қалпына келтіру емес, мәселелердің алдын алуға, спортшының жағдайын дәлірек бағалауға және ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізуге көмектесетін құрал ретінде қарастыру қажет екенін айтты.
Персонализацияланған спорттық медицина — қазіргі спорт ғылымының негізгі бағыттарының бірі. Бұл тәсіл спортшының жағдайын бағалауда, жаттығу жүктемесін және медициналық сүйемелдеуді таңдауда оның генетикасын, физиологиясын және биомеханикасын ескеретін жеке тәсілді көздейді. Дәстүрлі, популяцияның орташа көрсеткіштеріне негізделген протоколдардан айырмашылығы — бұл модель бірдей көрсеткіштері бар спортшылардың өзінде жүктемеге және қалпына келуге әртүрлі реакция болуы мүмкін екенін ескереді.
Спортты дамытуда киілетін технологиялар мен деректерді талдаудың рөлі артып келеді. Халықаралық сауалнамаларға сәйкес, дәл осындай құрылғылар 2026 жылғы негізгі фитнес-трендтердің бірі болып отыр. Алайда олардың құндылығы тек деректер жинауда емес, оны түсіндіруде және шешім қабылдауда қолдануда жатыр.
Заманауи цифрлық және жасанды интеллект модельдері бірнеше параметрді қатар талдай алады — жүктеме, ұйқы, стресс деңгейі және қалпына келу — және осы негізде тәуекелдерді алдын ала анықтайды. Кей жағдайларда мұндай жүйелер бұлшықет жарақатының 1–2 күн бұрын туындау ықтималдығын болжай алады. Бұл спорттық медицинаның бағытын реакция жасаудан алдын алуға қарай өзгертеді.
Спорт ғылымын қолданбалы деңгейде денсаулық сақтау жүйесінде пайдалану да жеке бағыт ретінде дамып келеді. Бір жобада жасанды интеллект алгоритмдеріне негізделген айналмалы жаттығулардың 2-типті қант диабеті бар пациенттердің жағдайына әсері зерттелуде. Зерттеу Астана мен Қосшы қалаларындағы медициналық мекемелерімен бірлесіп жүргізіліп, жергілікті тұрғындарды қамтиды, бұл ғылыми тәсілдерді нақты өмір жағдайында сынауға мүмкіндік береді.
Кездесудің тағы бір спикері — NU түлегі, спорт ғылымы саласының зерттеушісі, World Aquatics ұйымының Спорттық медицина комитетінің мүшесі, Халықаралық Олимпиада комитетінің IOC Young Leader бағдарламасының қатысушысы, Y-IMPACT жобасының негізін қалаушы, сондай-ақ NU Swimming бастамасының авторы және университеттің жүзу командасының жаттықтырушысы Еңлік Ұлтаракова болды.
Оның қызметі спорттық аналитика, спортшылардың жағдайын мониторингтеу және деректерге негізделген шешім қабылдау бағыттарын біріктіреді. Баяндаманың негізгі идеяларының бірі — спорттық нәтижеге ұзақ мерзімді процесс ретінде қарау болды.
Сарапшылық деңгейге жету жөніндегі зерттеулер жоғары нәтиже тек қабілетке емес, сонымен бірге ұзақ жылдарға созылатын мақсатты дайындыққа байланысты екенін көрсетеді. Мысал ретінде шахматтағы гроссмейстер деңгейіне жету үшін спортшы шамамен 50 мың ойындық үлгіні меңгеріп, шеберлікке жету жолы он жылға жуық жүйелі тәжірибені талап ететіні айтылды. Бұл қағида спортқа да тікелей қатысты.
Қазақстандағы жүзу спорты мысалында «тар мойын» әсері көрсетілді: жыл сайын шамамен 12 мың бала балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде жүзумен айналысқанымен, олардың тек 400-ге жуығы ғана Қазақстан Республикасының жазғы чемпионатына дейін жетеді. Бұл айырмашылық тек талант іздеу емес, спорт жүйесінің қай кезеңдерде болашағы бар спортшыларды жоғалтатынын түсінуді де талап етеді.
Кездесуде спорт пен технология түйіскен жердегі қолданбалы әзірлемелерге де ерекше назар аударылды. Осындай жобалардың бірі — спортшылардың жағдайын бақылауға және деректер негізінде жаттығу шешімдерін қолдауға арналған SWAN жүйесі. Мамыр айының соңында бұл жоба Founders School Bootcamp 2026 бағдарламасында бірінші орын алып, университет экожүйесінде туындайтын спорттық технологиялардың әлеуетін көрсетті.
NU Science Café — NU баспасөз офисінің медиа алаңы. Мұнда ғалымдар журналистермен кездесіп, күрделі ғылыми тақырыптарды қарапайым тілмен талқылайды және олардың қоғам мен ел дамуына әсері туралы пікір алмасады. 2026 жылдың қаңтарынан бастап Science Café аясында медицина, энергетика, тұрақты даму және технология тақырыптарындағы кездесулер өтті. Олардың көпшілігі Қазақстанның және шетелдің жетекші БАҚ-тарында жарияланған мақалалар мен сюжеттердің негізіне айналды.