Никита Тарнакин: маусымды жеңіспен аяқтағаныма өте қуаныштымын
Қазақстандық каратэші Никита Тарнакин Эр-Риядтағы (Сауд Арабиясы) Ислам ынтымақтастығы ойындарындағы жеңісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Отандасымыз бұл оның осы маусымдағы соңғы ірі жарысы екенін атап өтті.
«Дайындық барысында еткен еңбегімнің ақталғанына өте қуаныштымын. Ішкі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Маусымды жеңіспен аяқтағаныма дән ризамын.
Бұл жыл мен үшін аяқталды. Алда қалпына келу кезеңі бар. Әлем чемпионатына іріктеуден өте алмадым. Сондықтан ұлттық құрамаға сәттілік тілеймін. Әлем чемпионатында көптеген жүлдеге қол жеткізетінімізге үміттенемін.
Ислам ынтымақтастығы ойындарының медалін барша қазақ халқына, жақындарыма, отбасым мен достарыма, маған сенген әрбір жанкүйерге арнаймын», — деді спортшы.
Айта кетейік, Никита Тарнакин 84 келіге дейінгі салмақта Ислам ынтымақтастығы ойындарының жеңімпазы атанды.