Михаил Шайдоров – мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Қазақстан құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров АҚШ-тың Бостон қаласында өткен әлем чемпионатында екінші орын алды, деп хабарлайды Sport+ ҰОК-не сілтеме жасап.
Қысқа бағдарлама нәтижесі бойынша қазақстандық спортшы үшінші орында тұрды. Алайда ол өз позициясын жақсартып, жоғары көтерілді.
Еркін бағдарламада Шайдоров төрешілерден 192,70 ұпай жинады (жеке рекорд). Жалпы нәтижесі — 287,47 ұпай (жеке рекорд), бұл оған екінші орынды иеленуге мүмкіндік берді.
Әлем чемпионатының алтынын қатарынан екінші рет америкалық Илья Малинин жеңіп алды — 318,56 ұпай. Жапониялық Юма Кагияма үздік үштікті қорытындылады — 278,19 ұпай.
Айта кетейік, Шайдоров ересектер арасындағы әлем чемпионатында өзінің ең үздік нәтижесін көрсетті. Бұған дейін ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. 2025 жылғы маусымда ол Азия ойындарында үшінші орын алды, сондай-ақ төрт құрлық чемпионатының алтынын жеңіп алды.
Спортшы 2026 жылғы Олимпиада ойындарына қатысу нормативін орындады. Ол үшін әлем чемпионатында үздік 24 спортшының қатарына кіру қажет еді.
Қазіргі уақытта ISU тарапынан іріктелген спортшылар тізімінің ресми растауы күтілуде.