Көшбасшы «Түркістанды» қабылдайды. «Каспий» - «Түркістан» матчының тікелей эфирі

Футболдан Бірінші лига турнирлік кестесінің көшбасшыларының бірі — «Каспий» алдыңғы турдағы өкінішті жеңілістен кейін өз алаңында турнир кестесінің аутсайдерлерінің бірі — «Түркістанды» қабылдайды.
Ақтаулықтардың мақсаты анық — Премьер-Лигаға оралу. Дәл осы мақсатта құрам жасақталып, оған елдің жоғары дивизионында өнер көрсеткен футболшылар — Еркебұлан Нұрғалиев, Бауыржан Байтана, Берік Айтбаев, Марат Шахметов және басқалар қосылды.
Қазіргі уақытта Руслан Эсатовтың шәкірттері екінші орында тұр. Олар көш бастап тұрған «Ертістен» 1 ұпайға қалып келеді және дәл осынша ұпай айырмашылығымен «Шахтерден» алда.
«Каспий» — «Түркістан» матчы 15 мамыр күні сағат 16:30–да өтеді.
Тікелей эфир Sport+ телеарнасынан, sportplustv.kz сайтынан және sportplus_qaz YouTube арнасынан көруге болады.