«Ертіс» Қазақстан жастар құрамасының футболшысымен толықты

Павлодарлық «Ертіс» футбол клубы жартылай қорғаушы Абинұр Нұрымбетпен еңбек келісімі жасалғандығы жайлы ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Sport+.
20-жасар футболшы «Тараз» футбол клубының түлегі болып табылады, кәсіби мансабын аталмыш командада бастаған еді. Сонымен қатар, жезқазғандық «Ұлытау» намысын да қорғаған.
18 жасында Нұрымбет Беларусь чемпионатына ауысып, «Энергетик-БГУ» және «Гомель» сынды танымал клубтарда өнер көрсеткен. Беларусь Жоғары Лигасындағы бір жыл ішінде 23 матчқа қатысып, 5 гол соғып, 3 нәтижелі ассист жасаған еді. Былтырғы маусымда өзбекстандық «Андижан» клубында ойнап, командамен бірге ел кубогы турнирінде топ жарған.
Биылғы маусымда дарынды футболшы «Тұран» клубына ауысып, Қазақстан Премьер-Лигасында дебют жасады. Түркістандық ұжымда Нұрымбет негізгі ойыншы атанып, чемпионаттағы барлық 13 турда өнер көрсетті. Тіпті, 20 жасар аяқдопшыға капитандық атақты да сеніп тапсырған ойын болды.
Абинұр Қазақстанның U17, U19 құрамаларында өнер көрсеткен, осы күні еліміздің жастар командасының негізгі ойыншысы болып табылады. Соңғы рет, Андорра құрамасына қарсы жеңісті матчта барлық 90 минутты өткізген еді.