Елена Рыбакина Монреальдегі турнирдің ширек финалына шықты

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Канададағы Монреаль қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Sport+.
Төртінші айналымда Рыбакина украиналық Даяна Ястремскаяны (WTA рейтингінде 35-орында) 5:7, 6:2, 7:5 есебімен жеңді. Кездесу 2 сағат 33 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Елена жеті эйс жасап, тоғыз қос қателікке жол берді және тоғыз брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды.
«Бұл — өте маңызды жеңіс. Даянамен ойнау қиынға соқты. Ол өте жақсы ойнады. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын, енді келесі матчты асыға күтемін», — деді Рыбакина матчтан кейінгі сұхбатында.
Жартылай финал жолдамасы үшін Елена тағы бір украиналық теннисші Марта Костюкпен кездеседі.