«Барыс» Қазанда жеңіліс тапты

«Барыс» сырт алаңдағы серия аясында Қазанның «Ак Барс» командасымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Sport+.
Астаналықтар екінші кезеңнің басында есеп ашты: Кирилл Савицкийдің соққысынан кейін шайбаны Иван Николишин қақпаға дәл бағыттады. Көп ұзамай Савицкий Илья Хохловтың пасын пайдаланып, есепті 2:0-ге жеткізді.
Алайда алаң иелері екінші кезеңнің соңына дейін есепті теңестірді. Үшінші кезеңнің басында Михаил Рахманов «Барысты» алға шығарса, кездесудің аяқталуына аз уақыт қалғанда Алихан Әсетов бос қақпаға төртінші шайбаны салды.
Бірақ «Ак Барс» тағы да есепті теңестіріп, овертаймда жеңіс шайбасын соқты.
Енді «Барысты» қысқа үзіліс күтіп тұр. Осыдан кейін Мамбеталиев шәкірттері 19 қаңтарда «Локомотивке» қарсы өтетін матчпен басталатын өз алаңындағы серияға дайындалады.