«Астана» жаңа маусымға дайындықты бастады

Медициналық тексерістен сәтті өткеннен кейін барлық ойыншылар жаттығу процесіне кірісті, деп хабарлайды Sport+.
2025/2026 жылғы маусымда «Астана» командасының бас бапкері болып Рамунас Цвирка тағайындалды. Оған литвалық маман Дэйнюс Шаленга мен Антон Пономарёв көмек көрсетеді. Команданың жалпы физикалық дайындығына Владимир Кучеренко жауапты болады.
Команда сапына бұған дейін «Астана» намысын қорғаған Александр Жигулин мен Роберт Пан қайта оралды. Сонымен қатар Руслан Айткали мен Валерий Симоновпен келісімшарттар ұзартылды.
«Астана» командасының бас бапкерінің көмекшісі Антон Пономарев:
— Бірінші жаттығу күні жақсы өтті — дене дайындығына бейімделу режимінде, жігіттер орташа қарқынмен жұмыс істеді. Команданың жағдайы жақсы: бәрі — кәсіби ойыншылар, жазда өз бабын сақтап, жаңа маусымға дайындалған. Қазір толық құрам жинала қоймаса да, алдағы міндеттерге бәрі дайын деп сенемін. Жаттығу жиынына қойылған басты мақсат — жұмыс істеу, жұмыс істеу және тағы да жұмыс істеу!