Анчелоттидің дебюті. Эквадор – Бразилия матчын қайда және қашан көруге болады

Мамыр айының соңында Карло Анчелотти Бразилия футбол құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. «Папа Карлоның» басшылығымен пентакампеондар алғашқы ойынын Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Эквадор құрамасына қарсы өткізеді.
Эквадор іріктеу турнирінде керемет нәтижелер көрсетіп жатыр — 14 турдан кейін Оңтүстік Америкада екінші орында тұр. Бұл ретте, КОНМЕБОЛ олардан 3 ұпай алып тастаған болатын.
Соған қарамастан, эквадорлықтар бірде-бір жеңіліске ұшыраған жоқ, жеті ойында небәрі екі гол ғана жіберіп алған.
Ал Бразилия, керісінше, іріктеу кезеңінде өз мүмкіндіктерін толық көрсете алмай келеді — турнирлік кестеде төртінші орында. Наурыз айында олар Аргентинадан 4:1 есебімен ойсырай жеңілді.
Карло Анчелоттидің Бразилия құрамасы сапындағы алғашқы ойыны 6 маусым күні, Қазақстан уақытымен таңғы сағат 4:00–де өтеді.
Матчты тікелей эфирде Sport+ телеарнасынан және sportplustv.kz сайтынан көруге болады.