Әйел еркекті ешқашан жыға алмайды: Астаналық азамат әйелдерді өзін қорғауға тегін үйретіп жүр

Әлеуметтік желіде Нұрлан Байлин есімді азамат қыз-келіншектерді өзін-өзі қорғауға үйретуді қолға алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Нұрлан Байлин қоғам тарапынан әйелдерге көрсетілетін қысымды көріп, жағасын ұстаған. Құқығы тапталып, еркектерден қорлық көрген қыз-келіншектердің көбейгенін байқап, ол әйелдерге өзін қорғауды тегін үйретуді қолға алған.
«Қазір қоғамда әйелді ұрды, зорлады, өлтірді деген жаңалықтар көбейді. Біздің қыз-келіншектерді тегін жаттықтырудағы мақсатымыз – өзін қорғауды үйрету, аман-сау жүрсе, өзін қауіпсіз сезінсе дейміз.
Алғашқы жаттығуларды далада жасадық. Сонда өткен-кеткен адамдар қызығып, қатарымызға қосылды. Жаттығуға ынталы барлық қыз-келіншектерді шақырамыз.
Жас шектеуі жоқ. Мейлі, 5 жастағы қыз болсын, 50 жастағы әйел болсын оларды өзін-өзі қорғауға үйретеміз», – дейді бапкер.