logo

Айдар Махметов Сағын – Саясатов жекпе-жегі туралы: Еламан NAIZA лигасының келесі чемпионы болады (видео)

Айдар Махметов Сағын – Саясатов жекпе-жегі туралы: Еламан NAIZA лигасының келесі чемпионы болады (видео)

ММА және BJJ бойынша әлем чемпионы Айдар Махметов Sport+ арнасына берген сұхбатында NAIZA 77 турнирінің басты жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді. Бұл кездесуде Қазбек Сағын мен Еламан Саясатов жұдырықтасқан болатын.

«NAIZA 77 турниріндегі басты жекпе-жек — бұрынғы чемпион Қазбек Сағын мен өте жарқын, соққысы мықты Еламан Саясатов арасындағы кездесу мен үшін, және, меніңше, ММА жанкүйерлерінің барлығы үшін де үлкен қызығушылық тудырды. Бұл жерде екі спорт шебері, әртүрлі жекпе-жек түрлерінен шыққан, бір-бірімен жолықты.

Қазбек — қолма-қол шайқастан үш дүркін әлем чемпионы, әуесқой ММА-дан әлем вице-чемпионы. Еламан — дүниежүзілік ойындардың чемпионы, тай бокстан Азия және Еуропа чемпионы. Соңғы жылдары ол өзінің грэпплинг шеберлігін және күреске қарсы қорғанысын соншалықты дамытты, тіпті Naiza Awards-тан «жыл сабмишні» сыйлығын иеленді. Бұл оның таланты мен ерекше қабілеттерін, сондай-ақ жаңаны үйренуге деген ашықтығын көрсетеді.

Мен бұл жекпе-жекті бастапқыда Қазбек үшін өте қызықты болғанымен, сәтсіз шешім деп бағаладым. Себебі мамыр айында ол Багдат Жұбанышпен өткен маңызды жекпе-жекте ауыр нокаутпен жеңіліп қалған болатын. Сол себепті, дәл қазір мықты, әрі жеңілмеген қарсылас — Саясатовқа қарсы шығу тактикалық қателік деп есептеймін.

Менің ойымша, Багдатпен болған жеңілістен кейін Қазбекке кемінде жарты жылдық үзіліс керек еді. Бірден рингке қайта оралмай, басын босатып, денесін толық қалпына келтіруі қажет болатын. Ол адамдарға әлі де мықты екенін дәлелдеуге асықты, бірақ оған ешкім күмәнданбаған да еді.

Бұл шешім оның мансабы үшін де қатерлі болуы мүмкін. Қазір оның қатарынан екі жеңілісі бар және ТОП-қа қайта оралу үшін үлкен күш жұмсауға тура келеді. Сонымен қатар, естігенім бойынша, Қазбектің салмақ қуу процесі де өте қиын болған. Соңғы үш жылда ол жылына бір ғана жекпе-жек өткізді, бұл да өз әсерін тигізді.

Жекпе-жек басынан бастап Қазбек үшін ыңғайсыз өтті. Саясатов өрлеу үстінде, күреске қарсы қорғанысы тамаша, соққысы да өте ауыр — ол мұны бірден көрсетті.

Бірінші раундта қарсыластар бір-бірін «сезініп» көрді, бірақ раунд соңына қарай Еламан дәл соққылар жасай бастады. Қазбек жиі-жиі аяққа өтуге тырысты, бірақ бәрі сәтсіз аяқталды.

Қазбек — қолма-қол шайқастан әлем чемпионы болғанымен, бұл жолы Еламанның соққы техникасы жоғарырақ деңгейде болды. Соның нәтижесінде екінші раундта Еламанның ауыр соққысы Қазбектің қолын сындырып жіберді. Бұл бұрыннан келе жатқан жарақат көрінеді, сол жерден қайта жарақат алған.

Енді Қазбекті екі жеңілістен бөлек, ұзақ қалпына келу кезеңі күтіп тұр. Бұл — өмір. Жеке өзім оған толық сауығуын тілеймін, ол өте жарқын спортшы. Бірақ дәл қазір оған демалу, қайта жүктелу қажет.

Ал Еламанға келсек, мен оны NAIZA-ның келесі чемпионы болады деп есептеймін. Бұл салмақта бізде жаңа жарқын көшбасшы пайда болды. Берік, соққысы ауыр, техникасы жақсы, күреске жақсы қорғанады, грэпплингте де өте мықты. Сондықтан NAIZA ұйымын және барша жанкүйерлерді жаңа жұлдыздың пайда болуымен құттықтаймын»

Айта кетейік, Еламан чемпиондық белбеу үшін Булат Заманбековпен кездесуі керек. Булат та өз іріктеу жекпе-жегінде жеңіске жеткен болатын.



Күн шежіресі