Роналдудың бұрынғы бапкері Зайнутдиновты жаттықтыратын болады

51 жастағы әйгілі норвегиялық бапкер Уле-Гуннар Сульшер мансабын «Бешикташ» командасында жалғастыру мүмкін, деп хабарлайды Sport+.
Sports Digitale басылымының хабарлауынша, Сульшер ертең, 18 қаңтарда Түркия чемпионатында «Самсунспорға» қарсы ойынды қарайды. Ал «Бешикташтағы» жұмысқа Еуропа Лигасы аясында «Атлетикке» қарсы матч алдында кіріседі. Аталмыш кездесу 22 қаңтарда өтеді.
Түркия чемпионатының 18 турынан кейін «Бешикташ» турнир көшбасшысы «Галатасарайдан» 20 ұпайға артта қалып, алтыншы орында тұр.
Сульшер 2021 жылы «Манчестер Юнайтедтен» кеткеннен бері жұмыссыз жүр. Оның Манчестердегі кезеңі үлкен жетістіктер мен құлдыраулармен есте қалды: ол команданы 2021 жылы УЕФА Еуропа Лигасының финалына шығарды, бірақ пенальти сериясында «Вильярреалға» жол беріп, кубокты жеңе алмады.
Сондай-ақ, Сульшер ағылшын Премьер-лигасын үздік төрт команда қатарында аяқтады, бірақ бәсекелестерге қарсы матчтардағы сәтсіздіктер мен прогресстің болмауына байланысты орнын босатты.