QJ League төртінші маусымының басталуына арналған баспасөз мәслихаты өтті
Freedom QJ League — Қазақстан футбол федерациясының жобасы. Ол еліміздегі футбол клубтары мен мектептерінің жасөспірім ұлдар және қыздар командалары арасында жоғары деңгейдегі жарыстар ұйымдастыруға бағытталған, деп хабарлайды Sport+.
Іс-шараға ҚФФ Бас хатшысының міндетін атқарушы Александр Кеплин, QJ League Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов және Лига президенті Рохус Шох қатысты.
Таныстырылым барысында Лиганың алғашқы үш жылдағы жұмысы қорытындыланды. Осы уақыт ішінде жарыстарға 3 000-нан астам жас футболшы мен футбол орталықтарының мамандары қатысты.
Жаңа маусымда QJ League U-15-тен U-18-ге дейін төрт жас санатында өтеді. Жалпы маусым аясында 6 турнир жоспарланған. Оған Қазақстанның 18 өңірінен шамамен 2 000 жасөспірім ұл мен қыз қатысады.
Қазақстан футбол федерациясы атынан жарыстарға 2009 және 2010 жылы туған ойыншылардан жасақталған ҚФФ Академиясының екі командасы қатысады.
QJ League жаңа маусымы 18 сәуір күні Қызылорда қаласында «Қайсар» мен «Тобыл» командалары арасындағы матчпен басталады.