Қазақстанның Падел ұлттық федерациясының президенті: Біздің міндетіміз — спортшыларға дайындалуға жағдай жасау

Қазақстанның Падел ұлттық федерациясының президенті: Біздің міндетіміз — спортшыларға дайындалуға жағдай жасау

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін XX жазғы Азия ойындарына ұлттық құрамаларды дайындау мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Sport+.

Жиынға алдағы Азия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері бойынша ұлттық федерациялардың басшылары қатысты.

Кездесу барысында ұлттық құрамалардың қазіргі дайындық деңгейі, спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижелері, бекітілген дайындық жоспарларының орындалуы, сондай-ақ медициналық, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. XX жазғы Азия ойындарына 45 елден шамамен 15 мың спортшы қатысады деп күтілуде. Жарыс барысында 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы спорттың 35 түрінен бақ сынайды.

Алдағы Азия ойындарының қазақстандық падел үшін маңызы ерекше. 2026 жылы бұл спорт түрі алғаш рет жазғы Азия ойындарының бағдарламасына енгізілді. Жапонияда Қазақстан намысын төрт жұп — екі ерлер және екі әйелдер жұбы қорғайды.

Кеңеске қатысқан Қазақстан Падел ұлттық федерациясының президенті Арслан Абулгазин Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз үшін Азия ойындарына қатысу — тарихи оқиға әрі үлкен жауапкершілік. Падел алғаш рет Азия ойындарының бағдарламасына еніп, Қазақстанға Азияның ең ірі спорттық аренасында өзін танытуға мүмкіндік берді. Паделді дамытуға белсенді қолдау көрсетіп отырған Туризм және спорт министрлігіне, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетіне алғысымызды білдіреміз. Қазіргі басты міндетіміз — спортшыларға сапалы дайындалып, ойындарда лайықты өнер көрсетуі үшін барлық қажетті жағдайды жасау», — деді Арслан Абулгазин.

Қазақстанның паделден ұлттық құрамасының XX жазғы Азия ойындарына дайындығы бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Дайындық аясында спортшылар халықаралық жарыстарға қатысып, испаниялық жаттықтырушының жетекшілігімен оқу-жаттығу жиындарынан өтуде. Сонымен қатар федерация ұлттық жарыстар ұйымдастырып, оларды алдағы Азия ойындарына жүйелі дайындықтың маңызды бөлігі ретінде қарастырып отыр.



Күн шежіресі