Қазақстандық теннисшілер Asu Open халықаралық турнирінің екінші аптасын сәтті бастады
Астанада Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының корттарында өтіп жатқан World Tennis Tour M15/W15 Asu Open халықаралық турнирінің екінші аптасындағы негізгі кезең матчтары басталды.
Жекелей сындағы жарысты қазақстандық Дамир Жалғасбай сәтті бастап, Григорий Щебкинді 6:3, 6:4 есебімен сенімді түрде жеңді. Әйелдер арасындағы жарыста да Ева Корышева табысты өнер көрсетіп, үш сетке созылған тартысты кездесуде жерлесі Инкар Дүйсебайды 5:7, 7:5, 6:3 есебімен ұтты.
5 тамызда турнирдегі алғашқы матчтарын Қазақстанның тағы бірнеше өкілі өткізеді. Ерлер арасындағы жекелей сында Амир Омарханов, Зангар Нұрланұлы, Ерасыл Ерділда және Ілияс Маратұлы кортқа шығады. Ал әйелдер арасында Сатима Төреген, Асылжан Арыстанбекова және Сандуғаш Кенжебаева жарысты бастайды.
Қазақстандық теннисшілер жұптық сында да сәтті өнер көрсетті. Ерлер арасындағы турнирдің алғашқы айналымында Ілияс Маратұлы мен Арсений Требухин жұбы жеңіске жетті. Әйелдер арасындағы жұптық сында Альбина Какенова мен Анастасия Крымкова алғашқы кездесулерін жеңіспен аяқтады. Сонымен қатар, жүлде үшін Ева Корышева / Сатима Төреген және Асылжан Арыстанбекова / Инкар Дүйсебай жұптары да күреседі.
Asu Open халықаралық турнирі Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының ашық хард корттарында өтіп жатыр және 8 тамызда аяқталады.
Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!