Қазақстан төртінші рет WTT Contender Almaty беделді халықаралық турнирін қабылдайды

2–7 қыркүйек аралығында Алматыда үстел теннисінен жалпы жүлде қоры 100 000 АҚШ долларын құрайтын халықаралық «WTT Contender Almaty» турнирі өтеді, деп хабарлайды Sport+.
Биылғы додаға әлемнің 21 елінен 143 спортшы қатысады. Қатысушы мемлекеттер қатарында Аустралия, Вьетнам, Германия, Үндістан, Иран, Испания, Қытай, Корея, Люксембург, Малайзия, Мексика, Румыния, Сауд Арабиясы, Сербия, Сингапур, Словакия, Словения, Өзбекстан, Франция, Жапония және Қазақстан бар.
Жанкүйерлер әлемдік үстел теннисінің жұлдыздарын көру мүмкіндігіне ие болады. Атап айтқанда, Еуропа ТОП-16 турнирінің үш дүркін чемпионы Дарко Йоргич (Словения), жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сора Мацушима (Жапония), Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Шань Сяона (Германия), әлем чемпионатының қола жүлдегері Хонока Хашимото (Жапония) өз өнерін көрсетеді.
Жүлделер ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей, жұптық және аралас санаттарда сарапқа салынады.