Қазақстан – Испания: Билли Джин Кинг кубогының ширек финалы алдындағы негізгі деректер
23 қыркүйекте Қазақстанның әйелдер теннис құрамасы Билли Джин Кинг кубогының ширек финалында Испания командасымен кездеседі. Матч Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп, Қазақстан уақытымен сағат 14:00-де (жергілікті уақыт бойынша 17:00-де) басталады.
Қазақстан құрамасы турнир тарихында алғаш рет жартылай финалға шығу үшін күреседі. Ұлттық команда Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне төртінші рет қатысып отыр. Бұған дейін қазақстандық теннисшілер 2022, 2023 және 2025 жылдары осы кезеңде өнер көрсетті. Өткен маусымда құрама ширек финалға дейін жетіп, АҚШ командасына 1:2 есебімен жол берген болатын.
Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамалар рейтингінде жетінші орында тұр, ал Испания төртінші сатыда орналасқан. Испания құрамасы турнирдің бес дүркін жеңімпазы атанған. Соңғы рет испаниялықтар 1998 жылы чемпиондық атақты жеңіп алған.
Қазақстандық теннисшілер сәуір айында Астанада Канада құрамасын 3:1 есебімен жеңіп, жарыстың финалдық кезеңіне жолдама алды. Юлия Путинцева жекелей сында екі жеңіске жетсе, Анна Данилина мен Жібек Құламбаева жұптық кездесуде команда қоржынына тағы бір ұпай қосты. Ал Испания құрамасы іріктеу кезеңінде Словенияны дәл осындай 3:1 есебімен жеңді.
Қазақстан құрамасының сапына Юлия Путинцева, Анна Данилина, Жібек Құламбаева және Соня Жиенбаева енді. Команда капитаны – Юрий Щукин.
Путинцева Билли Джин Кинг кубогында жекелей сында ең көп жеңіске жеткен қазақстандық теннисші саналады. Оның еншісінде 24 жеңіс бар. Жалпы турнирде Юлия 27 матчта жеңіске жеткен. Тағы бір жеңіс оған Галина Воскобоеваның жалпы жеңістер саны бойынша ұлттық рекордын қайталауға мүмкіндік береді.
Испания құрамасының сапына Кристина Букша, Кейтлин Кеведо, Джессика Бузас Манейро, Марина Бассольс Рибера және Сара Соррибес Тормо енді. Команда капитаны – Карла Суарес Наварро. Букша WTA рейтингінде жекелей сында 35-орында, ал жұптық сында 14-орында тұр.
Қазақстан мен Испания арасындағы қарсыласу екі жекелей және бір жұптық матчтан тұрады. Келесі кезеңге өту үшін команда екі кездесуде жеңіске жетуі қажет.
Бұл кездесудің жеңімпазы 25 қыркүйекте өтетін жартылай финалда Чехия мен Ұлыбритания арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңі 22–27 қыркүйек аралығында өтеді. Әлем чемпионы атағы үшін сегіз ұлттық құрама бақ сынайды.
Ешбір турнирден қапы қалмауыңыз үшін, Beeline үй интернеті тиімді бағамен 24 сағатта қосылады.