Павлодарлық «Ертіс» бразилиялық шабуылшымен келісімшартқа отырды
Павлодарлық «Ертіс» 30 жастағы бразилиялық шабуылшы Леонардо Калилмен келісімшартқа отырғанын жариялады, деп хабарлайды Sport+ клубтың баспасөз-қызметіне сілтеме жасап.
Калил «Сан-Паулу» академиясының түлегі. Кейін футболшы «Крисиума» клубының жүйесінде дамуын жалғастырып, жастар деңгейінде көзге түсіп, 2014 жылы кәсіби мансабын бастады.
Кәсіби мансабында бразилиялық шабуылшы төрт елдің клубтарында өнер көрсетті. Отандасы елінде ол «Крисиума», «Униан Рондонополис», «Португеза Сантиста», «Оэсте», «Сан-Жозеэнсе» және «Операрио Ферровиарио» командаларының намысын қорғады. Сонымен қатар Калил Жапонияда «Альбирекс Ниигата», Оңтүстік Кореяда «Пучхон 1995», «Кёнджу» және «Кённам» клубтарында ойнады. Ал оның соңғы командасы Таиландтың «Порт» клубы болды.
«Порт» сапында бразилиялық футболшы жарты жыл ішінде 15 ресми матч өткізіп, 5 гол соқты және 1 нәтижелі пас берді. Сонымен қатар Бангкок клубымен бірге Таиланд Лигасы кубогының иегері атанды.
Леонардо Калил кәсіби мансабында 200-ге жуық ресми матч өткізіп, 50-ден астам гол соққан. Шабуылшы Бразилия, Жапония, Оңтүстік Корея және Таиланд чемпионаттарында өнер көрсетіп, мол халықаралық тәжірибе жинаған. Енді бразилиялық футболшы мансабын алғаш рет Қазақстанда жалғастырады.