logo

Есбол Сұлтанов: Қазір ұлттық құраманың физикалық және тактикалық дайындығы жоғары деңгейде

Есбол Сұлтанов: Қазір ұлттық құраманың физикалық және тактикалық дайындығы жоғары деңгейде

Таеквондодан (WT) Қазақстан құрамасы 13-15 маусым аралығында АҚШ-тың Шарлотт қаласында өтетін World Taekwondo Grand Prix Challenge халықаралық турнирінің бірінші кезеңіне қатысады. Осы орайда, бас бапкер Есбол Сұлтанов ұлттық құрамға іріктеу жүйесі мен турнирдегі бәсекелестік жайлы айтып берді, деп хабарлайды Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Таеквондодан Қазақстан құрамасының спортшылар соңғы рет Қазақстандағы кубокта бақ сынаған болатын. Сол турнирдің қорытындысы бойынша ұлттық құрамаға іріктеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, бұл іріктеуге осыған дейін өткен халықаралық турнирлердің де нәтижесі әсер еткен. 

«Қазіргі таңда ұлттық құрама сапында негізінен жас спортшылар өнер көрсетіп жүр. Соңғы уақытта құрамаға бірқатар жаңа, әлеуеті зор жастар қосылды. Сондай-ақ, ішкі бәсекелестікті көтеруге бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр.

Құрамада әр салмақ дәрежесі бойынша үздік, тәжірибелі әрі болашағынан үміт күттіретін спортшылары бар. Жыл басынан бері ұлттық құрама үш халықаралық турнирге қатысты. Сол жарыстарда көрсеткен нәтижелер негізінде қазан айында өтетін әлем чемпионатына іріктеу жүргізілді. Нәтижесінде әр салмақ дәрежесі бойынша бірінші нөмірлі спортшылар іріктеліп, олар әлем біріншілігінде ел намысын қорғайтын болады», — деді Есбол Сұлтанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында.

World Taekwondo Grand Prix Challenge — бұл Олимпиадаға іріктеу жолында маңызды рөл атқаратын басты халықаралық жарыс. Ол спортшыларға 2025 жылы Уси қаласында өтетін әлем чемпионаты мен 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингтік ұпайлар жинауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта жарысқа қатысатын қазақстандықтардың тізімі төмендегідей:

— Темірлан Тілеулес (58 келіге дейін)

— Бектөре Оралханов (58 келіге дейін)

— Газез Нұрбек (68 келіге дейін)

— Батырхан Төлеуғали (80 келіге дейін)

— Нодира Ахмедова (49 келіге дейін)

— Рита Бәкішева (49 келіге дейін)

— Нұрай Хұсайынова (67 келіге дейін)

Жалпы бәсекелестік жоғары деңгейде болмақ. Себебі аталмыш турнирге әлемнің 44 елінен 376 таеквондошы қатысқалы отыр. Басты фавориттер қатарына Иран, Оңтүстік Корея, Түркия құрамаларын жатқыза аламыз. Сонымен қатар аталмыш турнирде Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жүлдегерлері бар. 

Мысалы, Речбер Хакан (Түркия), Марко Голубич (Хорватия), Лорен Уильямс (Ұлыбритания), Альтея Лорен (Франция), Мерве Динчел (Түркия), Нафия Куш (Түркия), Джин Хо-джун (Оңтүстік Корея) сынды спортшылар бақ сынайды. 

Ал, ұлттық құрама турнир алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынын Иранда өткізген болатын.

«Біз бұл турнирге жақсы дайындалдық. Соңғы оқу-жаттығу жиынын Иранда өткіздік. Онда біз атақты спортшылармен бірге дайындалып, жаттығу жекпе-жегін өткіздік. Бұл, әсіресе, жас спортшылар үшін өте құнды тәжірибе болды. Қазір ұлттық құраманың физикалық және тактикалық дайындығы жоғары деңгейде», — деді Есбол Сұлтанов федерацияның баспасөз қызметіне берген сұхбатында.



Күн шежіресі