logo

Дубайда V Азия жасөспірімдер Пара ойындары басталды

Дубайда V Азия жасөспірімдер Пара ойындары басталды

Дубайда тірек-қимыл аппараты және көру қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы V Азия жасөспірімдер Пара ойындарының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport+.

Жарысқа Қазақстаннан 60 пара спортшы қатысып, тоғыз спорт түрі бойынша сынға түседі: пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара садақ ату, бочча, пара армрестлинг және голбол.

Салтанатты шеруде Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы пара пауэрлифтингтен спортшы Вазир Надыров болды.

«Мен үшін халықаралық жарыстарда Қазақстанның туын көтеру — үлкен мәртебе. Бұл — үлкен сенім мен зор жауапкершілік. Жарыстарда күтетін үмітті ақтау үшін бар күшімді саламын», — деді спортшы.

Қазақстан Паралимпиялық комитетінің президенті Қайрат Боранбаев спортшыларға қолдау білдіріп, жасөспірімдер ойындарының маңыздылығына тоқталды.

«Жасөспірімдер Азия Пара ойындары — жаңа буын паралимпийцерін қалыптастыратын маңызды алаң. Бұл жарыстар жас спортшыларға алғашқы халықаралық тәжірибе алуға, үлкен доданың атмосферасын сезінуге және кәсіби спортқа сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді. Ел ішінде де балалар және жасөспірімдер пара спортын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Паралимпиялық балалар ойындары тұрақты өткізіліп, демеушілермен бірлесіп мыңдаған ерекше қажеттілігі бар балаларды қамтитын BI Zhuldyzai жобасы табысты іске асырылуда. Инфрақұрылым да кеңейіп келеді: мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген жаңа спорт нысандары салынып, тұрақты жаттығуға және сапалы дайындыққа жағдай жасалуда. Бұл шаралардың барлығы жас спортшыларымыздың өсуіне, дамуына және халықаралық аренада Қазақстанды лайықты танытуына бағытталған», — деді ол.

Еске сала кетейік, V Азия жасөспірімдер Пара ойындары 10–13 желтоқсан аралығында Дубайда (БАӘ) өтеді. Азияның 45 елінен 1300-ден астам спортшы 11 спорт түрі бойынша 481 медаль комплектін сарапқа салады.

Бүгін бочча, пара пауэрлифтинг, пара жүзу, пара үстел теннисі және голбол бойынша алғашқы жарыстар өтті.

Қазақстан қоржынына алғашқы медальдерді пара пауэрлифтинг спортшылары салды. 50 кг салмақ дәрежесінде Зарина Ашир 80 кг көтеріп, 18–20 жас санатында бірінші орын алды, ал Даяна Сапарали 55 кг нәтижесімен 15–17 жас санатында екінші орынды иеленді. Ерлер арасында 54 кг салмақ дәрежесінде Қуаныш Рахатұлы 107 кг көтеріп, 18–20 жас санатында үшінші орынға ие болды.



Күн шежіресі