Чурчичке Қостанай жат емес. «Тобыл» – «Қызылжар» матчының тікелей эфирі
Қазақстан Премьер-лигасы қысқа үзілістен кейін 13-тур матчтарымен қайта жалғасады.
Алғашқы ойын күнінде «Тобыл» мен «Қызылжар» өзара кездеседі. Қостанайлық клуб бапкерлер штабы ауысқанына қарамастан, әлі де турнирлік кестедегі қауіпті аймақта қалып отыр.
Командаға көмек ретінде француз қорғаушысы Райан Сенхаджи шақырылды. Петропавлдықтарға қарсы матч оның «сары-жасылдар» сапындағы алғашқы ойыны болуы мүмкін.
Ал «Қызылжар» Қостанайға соңғы екі матчта жеңілмеген сериямен келеді. Петропавлдықтар «Ақтөбемен» тең түсіп, «Жетісуды» жеңген болатын.
Бұл кездесуге сербиялық маман Милич Чурчичтің тұлғасы да ерекше қызығушылық қосады. Оның Қазақстандағы алғашқы клубы дәл «Тобыл» болған. Қостанайлықтармен бірге ол Қазақстан Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алып, еурокубоктарда да жақсы нәтиже көрсетті.
Бір қызығы, өткен маусымда Чурчич «Қызылжарды» жаттықтырған кезде «Тобылға» қарсы өткен екі матчта да жеңіліс тапқан еді.
Сербиялық маманның Қостанайға кезекті сапары 13 маусым күні өтеді.
Матчтың басталуы — сағат 16:00–де.
Тікелей эфирді Sport+ телеарнасынан және sportplustv.kz сайтынан көруге болады.