Асхат Сейсембек: «Ордабасы» легионерлер санын біртіндеп азайтуды жоспарлап отыр

«Ордабасы» клубының президенті Асхат Сейсембек командадағы легионерлер саясаты, Бразилия клубтарымен жасалған келісімдер және қазақстандық футболшылардың шетелдік тәжірибеден өту мерзімдері туралы айтты, деп хабарлайды Sport+.
«Легионерлер қажет, олар команданың ішкі бәсекелестігін арттыруға мүмкіндік береді. Бірақ біз Қазақстан чемпионатының ережелеріне сәйкес жұмыс істейміз, оған сай командада 12 шетелдік ойыншы ойнай алады. Алайда, біз өткен маусыммен салыстырғанда легионерлер санын азайтуды жоспарлап отырмыз. Биыл 12 легионер тіркеуге рұқсат берілгенімен, біз 9-10 ойыншымен шектеліп, олардың санын біртіндеп азайтамыз.
Қазіргі уақытта біз шабуылшы позициясына легионер іздеудеміз. Біздің шорт-листте бірнеше үміткер бар, сонымен қатар АҚШ пен Бразилиядан келген екі жас ойыншы қаралымда. Оларды болашақта қалай пайдаланатынымызды ойластырып жатырмыз, бірақ дәл қазір келісімшарт жасасу жоспарда жоқ.
Сондай-ақ, біз Бразилия чемпионы «Палмейрас» және «Ред Булл Брагантино» клубтарымен серіктестік орнаттық. Осы келісімдер аясында біздің жас әрі талантты футболшыларымыз жаттықтырушылармен бірге Бразилияға барып, жоғары деңгейдегі бәсекелестік ортада тәжірибе жинайды. Бұл шаралар негізгі чемпионат басталғаннан кейін, наурыз–сәуір айларында жүзеге асырылады», – деді Сейсембек.