Астанада EA SPORTS FC 26 бойынша Қазақстан чемпионы анықталды

Астанада EA SPORTS FC 26 бойынша Қазақстан чемпионы анықталды

Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінде EA SPORTS FC 26 бойынша Қазақстан чемпионатының LAN-финалы өтті, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.

Финалда еліміздің үздік сегіз ойыншысы чемпиондық атақ үшін өзара бақ сынады. Жарыс Ultimate Team FC Pro режимінде плей-офф форматында өтті. Турнирдің шешуші кезеңінде Данияр «dan1k» Шарабадин қарсыластарынан басым түсіп, Қазақстан чемпионы атанды.

Финалдық кезеңде Абылай «Abyl_Qazaqstan» Жанаберген екінші орынға ие болса, Әлішер «alish_back» Мұқанәлі үздік үштікті түйіндеді.

Данияр Шарабадин ел чемпионы ретінде UEFA eEURO 2026 халықаралық кезеңінде Қазақстан атынан өнер көрсету құқығына ие болды.

«Осы турнирді ұйымдастырып берген Қазақстан футбол Федерациясына көп рақмет. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Бұған дейін турнир онлайн форматта өтетін, ал биыл LAN форматында ұйымдастырылды. LAN форматында ойнау мен үшін үлкен тәжірибе болды. Сол арқылы өз деңгейімді көрсетуге мүмкіндік алдым.

Биыл  ресми турнирде екінші рет жүлделі орынға жетіп отырмын. Бұл тек басы деп ойлаймын. Келесі маусымда бұдан да үлкен жетістіктер күтіп тұр деп сенемін», — деді жарыс жеңімпазы Данияр Шарабадин.

Бұйырса, қараша айында Еуро турниріне іріктеу кезеңі өтеді. Сол іріктеуге қатысып, Еурода бақ сынағым келеді. Ал оған дейін жақсылап дайындалып, бұдан да жоғары деңгейге жетуге тырысамын. Еурода Қазақстанның намысын абыроймен қорғағым келеді.

UEFA eEURO 2026 онлайн топтық кезеңі 17-18 қазанда өтеді. Жарыстың бұл кезеңіне УЕФА-ға мүше 47 ұлттық қауымдастықтың өкілдері қатысады. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік сегіз ойыншы 12 желтоқсанда Лондонда өтетін eEURO 2026 финалдық кезеңіне жолдама алады.



Күн шежіресі