Аю NAIZAда екінші жекпе-жекті өткізеді

Бекжан “Аю” Бакиров Тараз қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Қазір 29 жаста. Үш ағайынның кенжесі. Балалық шағында өте бұзық болғанын өзі де жасырмайды — 8-9 жасына дейін мектептегі балалармен күнде дерлік төбелесіп жүрген. Бірақ өмірін түбегейлі өзгерткен бір нәрсе болды — спорт.
Күрес залынан басталған жол оны тәртіпке, тәрбиеге, мақсатқа жетеледі. Бұл жолдағы алғашқы бағыттаушысы — алғашқы бапкері Берді Нұржанов. Бекжан оның қарамағында 12 жылдан астам жаттыққан. Қазір негізгі жаттықтырушысы — Асхат Уәлиханов, алайда Аю әлі күнге дейін алғашқы ұстазымен байланысын үзбейді, ақыл-кеңесіне жүгінеді.
Басында күреспен шұғылданған Бекжан кейіннен боксты таңдайды. Алғашқы жарыстары аудандық деңгейде өтті — сол кездерді спортшы бүгінге дейін жылы еске алады. Оның балалық шағы кәдімгі қазақ баласының өміріне ұқсас: мектеп, спорт, кейде мал бағып, егінде еңбек ету.
Бокстағы алғашқы ерекше әсер — 10 жасында Таразда өткен қалалық турнир. Сол жолы күміс медаль иеленіп, жартылай финалда нокаутқа түскен. "Боксты қойып кетем" деп көзіне жас алған Аю, ақырында өз сүйікті ісіне қайта оралады.
2014 жылы Болгарияда өткен Әлем чемпионаты — Бекжан үшін ерекше жетістік. Бұл дода Олимпиадаға жолдама ұтып алуға мүмкіндік болған, бірақ бұйырмады. Әлемдік деңгейде жүлде алмаса да, алған әсері өмір бойы ұмытылмас, дейді өзі. Бұған дейін Азия чемпионатына қатысып, чемпион атаған алған, бірақ әлемдік аренадағы тәжірибенің орны бөлек екенін атап өтеді.
Спорттағы кумирлері — Бақтияр Артаев пен Ердос Жаңабергенов. Ал бүкіл спорт әлеміндегі басты тұлға — Елдос Сметов. Оның жетістіктері, Бекжанның айтуынша, нағыз ауыз толтырып айтарлықтай.
Қазір Аю аптасына алты күн, үш сағаттан жаттығу жасайды. Кешкі уақытында шәкірт тәрбиелеумен айналысады — бапкерлік жолын осыдан бір жыл бұрын бастаған. Оның айтуынша, жастардың көзінен от көру — баға жетпес сезім.
2022 жылы бокстан жалаң қолмен жұдырықтасу спортына (bare-knuckle) ауысты. Себеп — қызығушылық емес, қаржылық қажеттілік. Бұл бағытқа жетелеген — досы Еркебұлан Тоқтардың бапкері Әлішер. Ал ММА-ға Дәулет Өсербай бастамасымен келген. Өткен жылдың басында Дәулетпен бірге Мәскеуге барып, Wresball турниріне қатысады. Сол жерде Көкжал әзілдеп, "NAIZA-ға қатысып көр" деген. Ол әзіл кейін шындыққа айналған.
Қазір Бекжан бойдақ әрі отбасын құруды жоспарламайды. Алдымен пәтер алуды басты мақсат етіп отыр. Спорттан тыс уақытта бапкерлікпен қатар, курьерлік жұмыс та істейді. "Егер спортшы болмасам, мал бағып жүрер едім", — деп әзілдейді.
2024 жылғы басты мақсаттары:
— RUH Fighting Championship және NOMAD FC лигаларында белбеу жеңіп алу
— 93+ кг салмақ дәрежесінен 84 келіге түсу