Жалғас Жұмағұлов: ММА-да бүкіл мансабымда алмаған соққыларымды бокс спаррингтерінде алып жатырмын

Қазақстандық ММА жауынгері Жалғас Жұмағұлов Sport+ сайтына берген сұхбатында Павлодардағы Fight Night турнирінде бокс ережелері бойынша өтетін жекпе-жекке дайындығы туралы айтты.
— Дайындық жоспар бойынша өтіп жатыр, еңбектеніп, әр жаттығу сайын қарқынды көтеріп келеміз. Өткен жолы Астанға дайындалуға 20 күн бұрын келген едім, бұл жолы 25 күн бұрын келдім. Қазір бокстың не екенін түсіне бастадым.
— Павлодарда жекпе-жек өткізетін қарсыласың Джастин Скоггинстың өнерін бағаладың ба?
— Мен қарсыластардың жекпе-жектерін көргенді ұнатпаймын. Көре берсең, түнде ойлап жатасың, «мынандай қылып жеңуге болады» деп. Менде бапкер (Ернұр Жанабай — Sport+) бар, ол қарсыласты зерттейді, мен оған толықтай сенемін. Ол өткен жекпе-жекке де толық дайындық жүргізді, не сұраса, соны орындадым.
— ММА-дан боксқа ауысудағы ең қиын нәрсе не болды?
— Мен үшін ең қиыны — бокс аяқкиімі болды, өйткені мен әдетте жалаңаяқ жаттығамын. Сонымен қатар, бокста үнемі бас пен денеге соққы жасалады, бір орында тұрып қалсаң, бірден соққы аласың, сондықтан көп қимылдауға тура келеді. Бізде бәрібір күрес стиліне бейімделген иық белдеуі жұмыс жасайды, қолды әрдайым жоғары ұстап жүру қиын. Осыған жұмыс істеп жатырмыз, ең қиыны — спаррингтер. Жекпе-жекте жақсы қозғалып, шабуылдардан сытылып шығамын, бірақ ММА-да бүкіл мансабымда алмаған соққыларымды бокс спариннгтерінде алып жатырмын.