Тұрар Дүйсехан: Алдағы мақсат — «А» дәрежесінде әлем чемпионы болу
Муай-тайдан Қазақстан құрамасының өкілі Тұрар Дүйсехан Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында ел қоржынына кезекті алтын медальді салды, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Жерлесіміз финалдағы жеңісінен кейін сұқбат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Финалдағы жекпе-жек өте тартысты өтті. Қарсыласымның жасы үлкен әрі тәжірибесі де мол. Онымен қоса кәсіби спортшы, One Championship лигасында үш жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де жеңіске жеткен.
Психологиялық тұрғыда өте қиын болды. Дегенмен тиянақты дайындалып, жеңіске жеттік.
Бірінші раундтан кейін бапкерлерім: «қысымды күшейт», — деп тапсырма берді. Өйткені қарсыласымның бойы кіші, физикалық тұрғыда әлсіз еді. Бұрышқа тақап, тізгінді қолға алу керек болды. Барлығы ойдағыдай өтті.
Басты мақсат — Қазақстан кубогы мен Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, «А» дәрежесінде әлем чемпионы болу», — деді спортшы.