Қазақстандық бессайысшылар Венгриядағы Әлем кубогы кезеңіндегі жарысты аяқтады
Будапештте (Венгрия) қазіргі бессайыстан Әлем кубогының кезеңі өтті, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан құрамасы сапында ең үздік нәтижені Темірлан Әбдірайымов көрсетті. Ол халықаралық турнирде іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, жартылай финалға жолдама алды.
Алайда А тобындағы жартылай финалда қазақстандық спортшы 16-орын алып, Әлем кубогы кезеңінің финалына шыға алмады.
Айта кетейік, құрамамыздың қалған өкілдері жарысты іріктеу кезеңінде аяқтады.
Лев Чувашов іріктеудің А тобында 18-орынға тұрақтады. Ал D тобында Константин Сычев 27-орын, Кирилл Стадник 33-орын алды.
Әйелдер арасында Полина Андреева А тобында 33-орынға ие болса, Диана Щедрова (С тобы) жарысты 30-орынмен аяқтады.