Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Junior Davis Cup турнирінің ширек финалына мерзімінен бұрын шықты
Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы 16 жасқа дейінгілер арасындағы командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде (Азия/Мұхит жағалауы аймағы) плей-офф жолдамасына иелік етті. Отандастарымыз жарысты қатарынан екі құрғақ жеңіспен бастап, топтық кезеңнен сенімді өтті.
Екінші турда Қазақстан теннисшілері Пәкістан құрамасын бет қаратпай ұтты. Алғашқы жекелей сында Ансар Ниетқалиев қарсыласы Абубакар Талхадан 7:5, 6:1 есебімен басым түсті. Көп ұзамай кортқа шыққан Ахмади Маханов Мухаммад Хассан Усманиді 6:2, 6:0 есебімен тас-талқан етіп, командамыздың басымдығын нығайта түсті.
Жекелей кездесулердегі жеңіс Қазақстанға ширек финал жолдамасын уақытынан бұрын қамтамасыз етті. Бұған қатарлас өткен матч та септігін тигізді: Оңтүстік Корея құрамасы Түрікменстанды 3:0 есебімен жеңді (бір күн бұрын отандастарымыз да түрікмен теннисшілерін дәл осындай есеппен қапы қалдырған болатын).
Жалпы текетірестің нәтижесіне әсер етпейтін жұптық сында Ахмади Маханов пен Родион Трайгель Пәкістан дуэті Зохаиб Афзал Малик пен Абубакар Талхадан айласын асырды – 7:6 (7:4), 6:3. Осылайша, матчтың жалпы есебі Қазақстан пайдасына 3:0 болды.
Ертең Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея теннисшілерімен кездеседі. Бетпе-бет бәсекеде олар топтағы бірінші орынды сарапқа салады. Дәл осы ойын плей-офф кезеңіндегі қарсыластарды анықтамақ. Егер жерлестеріміз топта көш бастаса, ширек финалда А немесе В тобында екінші орын алған ұжыммен (Гонконг немесе Өзбекстан) шеберлік байқасады. Екінші орынға табан тіреген жағдайда, жасөспірімдерімізді 1/4 финалда өзге топтардың фавориттері – Жапония немесе Аустралия күтіп тұр.
Алдағы плей-офф матчтарының маңызы өте жоғары: іріктеудің төрт жартылай финалисі осы жылдың қараша айына жоспарланған әлем чемпионатының негізгі кезеңіне тікелей жолдама алады. Айта кетейік, іріктеудің барлық бәсекелерін Шымкент қаласындағы «Beeline Arena» халықаралық теннис орталығы қабылдап жатыр.
Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!
Әр сағат сайын A’SU ішіңіз