Қазақстан U19 құрамасының ЕУРО-2026/27 іріктеу кезеңінің екінші раундындағы қарсыластары анықталды
Швейцарияның Ньон қаласында 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамалары арасындағы Еуропа чемпионатының 2026/27 маусымындағы іріктеу кезеңінің екінші раундына жеребе тарту рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport+.
Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстанның 19 жасқа дейінгі құрамасы А лигасының екінші тобына түсті. Біздің жас футболшылар іріктеу кезеңінде Бельгия, Шотландия және Косово құрамаларымен бақ сынайды.
Турнир матчтары 11–17 қараша аралығында Шотландияда өтеді.
А лигасының екінші раундындағы топтарда алғашқы үш орынды иеленген құрамалар 2027 жылдың көктемінде өтетін іріктеу турнирінің үшінші кезеңіне жолдама алады. Оларға В лигасы топтарының жеңімпаздары қосылады.
Үшінші кезеңде 28 құрама төрт командадан тұратын жеті топқа бөлінеді. Топ жеңімпаздары алдағы турнирдің қожайыны Чехия құрамасына қосылып, финалдық кезеңге қатысу құқығына ие болады.