Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын марапаттады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Ливерпульде (Ұлыбритания) өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін құттықтап, бұл еліміз үшін тарихи оқиға, халқымыз үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиадалық комитеті көп жұмыс атқарғанына тоқталып, Қазақстан бокс федерациясының еңбегін ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты спортшы Геннадий Головкинге боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайтаруға атсалысқаны үшін ризашылығын білдірді.
«Әлемдік сайыста ел намысын қорғау — зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Сіздердің жеңістеріңіз жастардың спортқа деген құлшынысын арттырады. Спортшыларымыз ұлт саулығын жақсартуға үлес қосып жатыр деп айтуға болады. Чемпион болу — ел мерейін асыру деген сөз. Спортшылардың даңқы — барша халықтың даңқы. Олардың мәртебесі — бүкіл мемлекеттің мәртебесі. Сондықтан біз спортшыларымыздың әр жетістігін мақтан тұтуымыз керек. Бір ел болып, чемпиондарымызды ұлықтап, олардың еңбегін жоғары бағалап, қоғамда жан-жақты дәріптеуіміз қажет. Мұның бәрі спортты насихаттап, саламатты қоғам құру үшін өте маңызды. Мемлекет сіздерді әрдайым қолдайды», — деді Президент.
Мемлекет басшысы World Boxing ұйымы аясында өткен алғашқы әлем чемпионатының нәтижесі бірлескен еңбектің жемісі екенін атап өтті.
«Қазақстан 68 мемлекеттің арасынан үздік шығып, бірінші орынға ие болды. Әлемдік бәсекеде Әнұранымыз жеті рет шырқалды, Көк туымыз жеті рет желбіреді. Барша жұртымыз сіздерге тілеулес болды. Әрине, кілең мықтылар жиналған жаһандық аламанда топ жару оңай емес.
Бұл жетістік жылдар бойғы табанды еңбекпен, маңдай термен келгені анық. Біздің ұл-қыздарымыз бокстың отанына барып, өздерінің нағыз мықты спортшы екенін дәлелдеді. Санжар Тәшкенбай және Махмұд Сабырхан әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбайдың ерекше өнеріне жаһан жұрты тәнті болды.
Боксшы қыздарымыз әлемдік жарыста шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева және Наталья Богданова алтын медаль алып, жеңіс тұғырына көтерілді. Назым Қызайбай шаршы алаңға бірінші болып шығып, елімізге ақжолтай жүлде әкелді. Виктория Графеева және Елдана Тәліпова қола медаль жеңіп алды.
Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қайрат Сәтжанов, Елдос Сайдалин бастаған бапкерлерге және басқа да мамандарға зор алғыс айтамын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңында Президент спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттап, Алғыс хаттар тапсырды.
Еске сала кетейік, қазақстандық боксшылары бұл әлем чемпионатында 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль еншіледі.