Ольга Рыпакова: Астанада әлем чемпионатын өткізу туралы ұсыныстар түсіп жатыр

25 қаңтарда Астана кезекті рет әлемдік спорттың орталығына айналады. Қалада World Athletics Indoor Tour Gold сериясының кезеңі өтеді. Екінші рет ұйымдастырылып отырған бұл беделді жарыс әлемдік жеңіл атлетика жұлдыздары мен сарапшылардың назарын аударып отыр, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Ольга Рыпакова мұндай жоғары деңгейдегі турнирді өткізу – World Athletics тарапынан сенімнің белгісі екенін атап өтті.
«Біз осындай жоғары деңгейдегі жарысты екінші рет қабылдап отырмыз. Бұл – Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (World Athletics) бізге деген сенімінің белгісі. 2023 жылы біз Астанада жабық ғимараттағы Азия чемпионатын өткізген едік. Сол кезде біздегі спорттық нысана мен инфрақұрылымға жоғары баға берілді.
Сондай-ақ, біздің төрешілердің кәсібилігі мен біліктілігі атап өтілді. Астанада жабық ғимараттағы әлем чемпионатын және басқа да халықаралық жарыстарды жиі өткізу туралы ұсыныстар түсіп жатыр.
Жарыстарды ұйымдастырумен айналысатын командамыз жоғары деңгейлі кәсібилікті көрсетіп келеді. Болашақта да дамуды жалғастыра береміз. Барша қатысушыларға ертеңгі жарыста сәттілік тілеймін», – деді Ольга Рыпакова баспасөз мәслихатында.
Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes қатысушылары арасында әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының жеңімпаздарынан бөлек, басқа да жеңіл атлетика жұлдыздары бар. Айта кетсек, кейбір спортшылар маусымын екінші рет Астанадағы турнирде ашып отыр.