logo

Надежда Рябец: Әзірге алтын медаль алуға лайықты формаға енген жоқпын

Надежда Рябец: Әзірге алтын медаль алуға лайықты формаға енген жоқпын

Надежда Рябец Таиландтағы беделді бокс турнирінде күміс жүлде иеленді.

Боксшы рингке шықпағанына шамамен екі жыл болған. 2023 жылдың наурыз айында Үндістанда өткен әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алғаннан кейін Надежда спорттан үзіліс алған. 2024 жылдың желтоқсанында ол үлкен спортқа қайта оралып, содан бері бұрынғы бабын қалпына келтіру бағытында белсенді жұмыс істеп келеді.

Надежда Рябец 2025 жылы Бангкокта өткен Thailand Open турнирінде сәтті өнер көрсетті. Беделді жарыс 24 мамыр мен 1 маусым аралығында өтті.

75 келі салмақ дәрежесінде финалдық жекпе-жекте ол Өзбекстан өкілі Азиза Зокироваға қарсы шығып, 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша, Надежда Қазақстан құрамасына күміс медаль алып келді.

Sport+ редакциясы спортшымен байланысып, Таиландтағы жарыс жайлы сұхбаттасты.

— Надежда, Thailand Open-2025 турнирінен алған әсеріңіз қандай? Физикалық дайындығыңызды қалай бағалайсыз?

— Әсерім өте жақсы. Жарыс процесіне біртіндеп қайта еніп келемін.

— Сіздің ойыңызша, бұл турнирде бірінші орынды жеңіп алуға не жетпеді?

— Менің ойымша, жарыс тәжірибесі аздық етті. Екі жылдық үзілістен кейін жарысқа қажетті бабымызды қайта жинап келеміз, бірақ әзірге алтын медаль үшін жеткілікті деңгейде емеспіз.

— Рингке қайта оралғаннан бері не өзгерді?

— Біз салмақты төмендету бойынша көп жұмыс жасадық. Алдағы жоспарымыз — осы бағытта жалғастырып, болашақта 66 келі салмақта жұдырықтасу.

— Қай бағытта жақсартуды қалайсыз?

— Атқарылатын жұмыс әлі де көп. Жалпы дағдыны жетілдіріп, тоқтап қалмай, әрі қарай даму қажет.

— Биылғы жылға қандай жоспарларыңыз бар?

— Түрлі жарыстар күтілуде. Жоспар — жаттығуды жалғастырып, Қазақстанды әлемдік аренада таныту.



Күн шежіресі