Милан-2026 қысқы Олимпиада ойындарының басталуына 70 күн қалды
2026 жылдың 6-22 ақпан күндері Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында төрт жылдықтың басты додасы– XXV қысқы Олимпия ойындары өтеді. Байрақты бәсекеге әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.
Олардың қатарында отандық спортшылар да бар. Олимпиадада 16 спорт түрі бойынша 195 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ойындар Милан мен Кортина-д’Ампеццодан бөлек, Вальтеллина және Валь-ди-Фьемме кластерлерінде де өтеді. Қысқы Олимпиада бағдарламасына биатлон, коньки және шаңғы спорттары, шайбалы хоккей, фристайл, сноуборд, шана спорты, бобслей және ски-альпинизм сияқты негізгі қысқы спорт түрлері енген.
Ұлттық құраманы жасақтау Әлем кубогі кезеңдеріндегі көрсеткіштер мен сол жарыстарда жеңіп алған лицензиялар негізінде жүргізіледі. Қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында екі лицензия бар. Олар мәнерлеп сырғанаушылар Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинаға тиесілі.
Қысқы Олимпиадаға қатысатын ұлттық құрама тізімі мен лицензия саны қаңтар айының соңында өтетін Әлем кубогі кезеңдері аяқталғаннан кейін анықталады.