Геннадий Головкин: ХОК шешімі боксты Олимпиада ойындарында сақтау жолындағы мақсатымызды бір қадам алға жақындатады

26 ақпанда Халықаралық Олимпиадалық комитеті (ХОК) World Boxing халықаралық федерациясын уақытша мойындағанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл шешімге Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин пікір білдірді.
«ХОК-нің уақытша мойындауы — маңызды жетістік және біздің спорт дұрыс бағытта дамып жатқанын көрсетеді. Бұл шешім боксты Олимпиада ойындарында сақтау жолындағы мақсатымызды тағы бір қадам алға жақындатады.
Мен World Boxing-ті қолдайтын барлық адамдардың үздіксіз еңбегінің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізгенімізге қуаныштымын. Болашақ спортшылар мен болашақ чемпиондар үшін біздің ортақ мақсатымыз — адалдық пен бейтараптық қағидаттарына негізделген Халықаралық федерация құру.
Барлық мақсаттарымызға жету үшін әлі де көп жұмыс істеуіміз керек, сондықтан біз осы жетістігімізбен шектелмейміз» — деді Геннадий Головкин.
Айта кетейік, World Boxing Олимпиадалық комиссиясы 2024 жылдың қыркүйек айында ХОК-пен өзара іс-қимыл жасау және боксты Олимпиада бағдарламасына қайтаруға ықпал ету мақсатында құрылған.