Республика күні мен Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдық мерейтойына орай ұлттық ат спорты түрлерінен фестиваль өтеді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Фестиваль аясында бәйге мен көкпардан жарыстар ұйымдастырылады. Жарыстар 11-12 қазан күндері Астана маңындағы «Қазанат» атшабарында өтеді. Бәйге 12 қазан күні сағат 11:00-де басталады. Көпшілік көз тіккен жүйріктер сайысының жалпы жүлде қоры – 20 млн теңге.

Сондай-ақ, фестиваль аясында көкпардан Солтүстік аймақтың тума шабандоздарына арналған турнир өтеді. Іріктеу ойындары 11 қазан күні 09:00-ден 17:00-ге дейін өтеді. Финалдық ойындар 12 қазан күні 09:00-де басталады.

Ойындардың жалпы жүлде қоры – 12 млн теңге. Сайыс аяқталғаннан кейін көрермендер арасында бағалы сыйлықтар ойнатылады. Кіру тегін.