Бапкер Ернұр Жанабай: Жалғастың соққыларын және қозғалысын шыңдап жатырмыз

Жалғас Жұмағұловты Fight Night аясында өтетін бокс ережелері бойыншы жекпе-жекке дайындап жатқан бапкер Ернұр Жанабай Sport+ телеарнасына берген сұхбатында жауынгердің дайындығы туралы айтты.
— Дайындық жақсы өтіп жатыр. Ең басында физикалық және функционалдық жұмыс жасадық, содайн кейін спаррингтерді іске қостық. Турнирге екі аптадай уақыт қалды. Осы уақыт ішінде жақсы бабына келеді. Тактикалық, физикалық және функционалдық тұрғыда Жалғас дайын.
— Кәсіби ММА жауынгерін жаттықтыру қаншалықты қиын?
— Жалғас ММА өкілі болғандықтан кішкене қиындау, бірақ Аллаға шүкір жасаған жұмысымыздың жемісін Астанада өткен жекпе-жекте көрдік. Өзіміз дайындаған, Жалғастың істей алатын соққыларын өткен жепке-жекте ойдағыдай жасады. Өнеріне көңілім толды. Қазір аталмыш кездесуде кеткен қателіктермен жұмыс жасап жатырмыз. Жалғастың соққыларын және қозғалысын шыңдап жатырмыз.
— Жалғастың қарсыласын зерттеп үлгердіңіз бе?
— Иә, оның қарсыласын зерттеп, арнайы тактика дайындадық. Ол — солақай боксшы. Қазір барлық жоспарды ашпаймын, жекпе-жекте бәрін көресіздер.
Еске салсақ, Жалғас Жұмағұлов өткен жылы Fight Nights Global лигасында алғаш рет бокс ережесі бойынша өнер көрсетті.
Ол келесі бокстағы жекпе-жегін 27 ақпанда UFC-дің бұрынғы файтері Джастин Скоггинске қарсы өткізеді. Аталмыш турнир Павлодарда жоспарланған.