Анна Данилина «Ролан Гаррос» турнирінің жұптық сынындағы финалға шықты
Қазақстанның жұптық сындағы үздік теннисшісі Анна Данилина Францияның ашық чемпионатында чемпиондық атақ үшін күреседі, деп хабарлайды Sport+.
Әйелдер арасындағы жұптық жарыстың жартылай финалында Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге Жапония–Тайбэй жұбы Сюко Аояма мен Лян Энь-Шоны сенімді түрде жеңді.
Париж корттарындағы кездесу 1 сағат 35 минутқа созылып, қазақстандық-сербиялық жұптың екі сеттегі жеңісімен аяқталды – 7:5, 6:2. Айта кетейік, Анна мен Александра турнирде екінші нөмірлі жұп ретінде сынға түсуде.
«Үлкен дулыға» санатындағы беделді жүлде үшін өтетін шешуші матчта Данилина мен Крунич жарыстың басты фавориттері, бірінші нөмірлі жұп – чехиялық Катерина Синякова мен америкалық Тэйлор Таунсендке қарсы ойнайды.