Ангелина Лукас IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын қорғап қалды

Бокс кешінің басты жекпе-жегінде туған қаласы Таразда қазақстандық Ангелина Лукас чилилік Даниэла Асеньоны (17-5-3, 2 КО) жеңіп шықты, деп хабарлайды Sport+.
Асеньоның бұрышы алтыншы раундтан кейін жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты (әйелдер арасындағы чемпиондық жекпе-жектерде 10 раунд, әрқайсысы 2 минуттан өтеді).
Осылайша, Лукас 2023 жылдың қазан айында Стамбұлда төрешілердің бір ауыздан шыққан шешімімен Асеньоға есе жібергені үшін реванш алып, IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын қорғап қалды.
Ангелина IBO белдігін 2024 жылдың қазан айында Бангкокта жеңіп алған еді. Кейінгі үш жекпе-жекте бұл атақ бәске тігілмеген болатын.