Алматыдағы фристайл-могулдан Әлем кубогының кезеңіне қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды

28 ақпан күні Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында өтетін фристайл-могулдан Әлем кубогының кезеңінде ел намысын қорғайтын спортшыларымыз белгілі болды, деп хабарлайды Sport+ Kazinform сайтына сілтеме жасай отырып.
Аталған дода 2 наурызда мәресіне жетеді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасының атынан сегіз спортшы бақ сынайды.
Бапкерлер Юлия Галышева, Анастасия Городко, Юлия Феклистова, Анастасия Ларионова, Павел Колмаков, Антон Бондарев, Федор Бугаков, Денис Раструбаға сенім артып отыр.
Бұл спортшыларға Елена Круглыхина, Геннадий Намереков, Дмитрий Рейхерд, Олег Цин және Константин Горлачев бастаған бапкерлер штабы жетекшілік етпек.
Жарыс бағдарламасына могул, параллельді могул және шаңғымен акробатика сайыстары кіріп отыр. Бұл Алматыда өтетін алтыншы әлем кубогы кезеңі болмақ.
Оған Аустралия, Канада, Қытай, Франция, Жапония, АҚШ және Қазақстанды қоса алғанда жалпы 18 елден 100-ден астам спортшы қатыспақ.
Аталған Әлем кубогының кезеңдері 2026 жылы Милан-Кортинода өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу жарыстарының қатарына кіреді. Спортшылар FIS ұпайлары үшін ғана емес, Олимпиада лицензиясына қажет рейтингтік ұпайлар үшін де күреседі.
Айта кетейік, Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты 2019 жылдан бері фристайлдан әлем кубогының кезеңдерін тұрақты түрде өткізіп келеді.