Әділ Бекетаев пен Ольга Тихонова Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын көтереді

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Қытайда өтетін IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатында ел туын көтеретін спортшыларды анықтады, деп хабарлайды Sport+.
Әділ Бекетаев – хоккейден Қазақстанның спорт шебері, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері және жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы. Ал Ольга Тихонова – шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2017 жылғы Азия ойындарының және Дүниежүзілік универсиаданың қола жүлдегері. Айта кетейік, ойындар 2025 жылғы 7-14 ақпан аралығында Қытайда өтеді. Қазақстанды 138 спортшы алты спорт түрінен таныстырып, 51 медаль жиынтығы үшін бақ сынайды.
Министр сондай-ақ ұлттық құрама спортшыларының жарысқа киетін формасы туралы ақпарат берді.
«Экипировка эскизі Азия ойындарының ұйымдастыру комитетімен келісілді. Халықаралық стандарттар мен ұлттық талаптар ескерілді. Спортшылардың жайлылығы үшін жоғары терморегуляция қасиеттері бар табиғи маталар қолданылды. Спорттық форманың тігісі толығымен демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылды. Жиынтықта 16 атаулы элемент бар», – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.