Қазақстанда жоғары жетістіктер спорты түрлерінің тізімі бекітілді

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі жоғары жетістіктер спорты түрлерінің тізімін бекітті. Оған Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Азия пара ойындарының бағдарламасына енген 65 спорт түрі, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері енгізілген, деп хабарлайды Sport+.
Аталған спорт түрлерін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет есебінен басым тәртіппен жүргізіледі. Қаражат спорт резервін даярлауға, спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуына, оқу-жаттығу жиындары мен спорттық іс-шаралар өткізуге, спорт инфрақұрылымын күтіп-ұстауға және дамытуға бағытталады.
65 жоғары жетістіктер спорты түрінің ішінен 46-сы басымдыққа ие деп белгіленді. Олардың қатарында 11 ұлттық спорт түрі бар. Іріктеу жұмыстары Қазақстан ұлттық құрамаларының Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Азия пара ойындарында көрсеткен нәтижелеріне қарап жасалды.
Жоғары жетістіктер спорты түрлерінің тізіміне енбеген спорт түрлері бұқаралық спорт қағидаты бойынша дамытылады. Жергілікті атқарушы органдар спортшылардың ел чемпионаттары мен кешенді жарыстарға қатысуын қаржыландырады. Ал халықаралық жарыстарға бюджет есебінен қатыса алмайды. Тек демеушілердің немесе өзге де қаражат есебінен қатысуына болады.