logo

Қазақстан Премьер-лигасында төрешілерді алмастыру бағдарламасы іске қосылды

Қазақстан Премьер-лигасында төрешілерді алмастыру бағдарламасы іске қосылды

Қазақстан Премьер-лигасында алғаш рет төрешілерді алмастыру бағдарламасы іске қосылады. Бұл бастама Қырғыз футбол одағының және Қазақстан футбол федерациясының төрешілер комитеттері арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды Sport+.

Келісім аясында Қазақстан чемпионатының ойындарына шетелдік төрешілер тағайындалса, қазақстандық арбитрлер елден тыс жерлердегі матчтарға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Мұндай формат төрешілерге тәжірибе алмасуға, әртүрлі төрелік ету мектептерімен танысуға және халықаралық деңгейдің талаптарына бейімделуге жол ашады.

Бағдарлама аясындағы алғашқы тағайындаулар осы демалыс күндері басталады. «Астана» – «Елімай» кездесуін Португалиядан келген төреші жүргізсе, турдың басты ойыны саналатын «Қайрат» – «Ақтөбе» матчына Қырғызстан төрелік корпусының өкілі қазылық етеді.

Айта кету керек, бұл бастама отандық төрешілер қауымдастығын дамытуға бағытталған. Қазақстандық арбитрлер Премьер-лига матчтарын жүргізуді жалғастыра отырып, өзге елдерде тәжірибе жинауға, халықаралық ойындарда төрелік етуге және төрелік етудің үздік тәжірибелерін меңгеруге мүмкіндік алады. Мұндай алмасу олардың кәсіби біліктілігін арттыруға, ойындарды басқару шеберлігін жетілдіруге және қазақстандық төрешілерге деген сенімді нығайтуға ықпал етеді.



Күн шежіресі