Қайрат Сәтжанов: Әлем кубогы кезеңінің алдында жігіттердің дайындығы жоғары деңгейде

30 маусым мен 7 шілде аралығында елордада бокстан World Boxing қолдауымен Әлем кубогының екінші кезеңі өтеді. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында спортшылардың дайындығы туралы айтып берді.
Ия, біріккен оқу-жаттығу жиындары басталды. Дайындық 17-29 маусым аралығында Астанада өтеді. Жоспар бойынша жиынға 12 елден 71 спортшы қатысып жатыр. Алайда, барлық құрамалар толық келіп үлгермеді. Қазіргі уақытта АҚШ, Канада, Франция және Сербия командалары келді. Сонымен қатар Корея, Аустралия және Әзірбайжан құрамалары келуі керек. Таңертең әр құрама өзі бөлек дайындалады, ал түстен кейін біріккен оқу-жаттығу жиыны өтеді.
Ал жалпы, спортшыларымыздың дайындықтары жаман емес. Барлық боксшы үш дайындық кезеңінен өтті. Бұл жарыс алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиыны. Жігіттердің көңіл-күйі, дайындықтары өте жақсы.
Енді қазір ұлттық құраманың бірінші және екінші нөмірлі боксшылары оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Ал жарысқа бір ғана құрам қатысады. Негізі екі құраманы да қатыстыруды жоспарлаған едік, бірақ рұқсат берілген жоқ.
Әзірге алдын ала құрамды жасақтадық. Бірақ, бір-екі салмақта спортшылар өзгеруі мүмкін. Өйткені, әр салмақта екі боксшы тіркеледі.
Алдын ала жасақталған құрамға төмендегі боксшылар енді:
— 50 келі: Санжар Тәшкенбай
— 55 келі: Махмұд Сабырхан
— 60 келі: Серік Теміржанов
— 65 келі: Ертуған Зейнуллинов
— 70 келі: Абылайхан Жүсіпов
— 75 келі: Сабыржан Аққалықов
— 80 келі: Нұрбек Оралбай
— 85 келі: Бекзад Нұрдәулетов
— 90 келі: Сағындық Тоғамбай
— 90 келіден жоғары: Айбек Оралбай.
Әлем кубогының алғашқы кезеңі Бразилияда өткен болатын. Енді екінші кезең өз елімізде — Астанада өтеді. Турнир Қазақстанда ұйымдастырылып отырғандықтан, бұл жарыс өте маңызды. Аталмыш жарыста жеңімпаз атанған спортшыға 300 ұпай, екінші орын иегеріне — 200, ал үшінші орынға тұрақтаған боксшыға 150 ұпай беріледі. Сондықтан барынша жоғары ұпай жинауға тырысу қажет.
Одан бөлек, турнирге әлемнің 30-дан астам елінен келген былғары қолғап шеберлері қатысады. Олардың қатарында Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен әлем чемпиондары бар. Демек, жарыстың деңгейі де, бәсекелестік те өте жоғары болмақ.
Жарыстан кейін денсаулықты қалыпқа келтіру шаралары өтеді. Бұл жиындар 9-16 шілде аралығына жоспарланған. Бірақ, қайда өтетіні әлі нақты шешілген жоқ. Қалыпқа келтіру шараларынан кейін, 20 шілде мен 7 тамыз аралығында Алматы қаласында жалпы дене дайындығына бағытталған оқу-жаттығу жиыны өтеді. Бұл 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындықтың бірінші кезеңі.
Ал екінші кезең Алматы қаласында 14-26 тамыз аралығына жоспарланған. Сондай-ақ, 26 тамызда Алматыдан Англияға аттанамыз. Соңғы дайындық жұмыстары сол жақта өтеді.