logo

Олжас Абраев Конференциялар лигасының матчына тағайындалды

Олжас Абраев Конференциялар лигасының матчына тағайындалды

Қазақстандық маман Олжас Абраев УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі Хорватияның «Риека» және Чехияның «Спарта Прага» клубтары арасындағы матчқа делегат болып тағайындалды.

Кездесу 23 қазан күні еліміздің уақыты бойынша 21:45-те өтеді. Ойын Хорватияның Риека қаласындағы «ХНК РИЕКА» стадионында ұйымдастырылады.

Олжас Абраев 2013 жылдан бастап УЕФА матчтарының делегаты, ал 2016 жылдан бері ФИФА матч комиссары қызметін атқарып келеді.

Айта кетейік, УЕФА матч делегаты ойын барысында ұйымның ресми өкілі саналады. Ол матч алдындағы ұйымдастыру жиналыстарына төрағалық етеді, ойынның регламентке сай өткізілуін, стадиондағы және оның аумағындағы тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуын бақылайды. Матчқа дейін, кезінде және одан кейін ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жүзеге асуына жауапты. Сонымен қатар делегат қажет болған жағдайда стадионды алдын ала тексеріп, ұйымдастыру деңгейіне баға береді және УЕФА әкімшілігіне есеп тапсырады.