logo

Еуропалық деңгейден де жоғары нәтиже: қазақстандық гимнастардың Азия чемпионатындағы жетістіктері

Еуропалық деңгейден де жоғары нәтиже: қазақстандық гимнастардың Азия чемпионатындағы жетістіктері

Қазақстан ерлер құрамасы спорттық гимнастикадан Оңтүстік Кореяның Чечхон қаласында өткен Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Қазақстандықтар жалпы үш медаль жеңіп алды. Оның ішінде командалық көпсайыста да жүлдеге ие болды. Ұлттық құраманың бас бапкері Александр Ким спортшылардың нәтижесіне баға берді, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Құрлықтық біріншілікте Қазақстан бір алтын медаль иеленді. Ат снарядындағы жаттығудың финалында Нариман Курбанов бірінші орын алды. Еркін жаттығуларда Милад Карими екінші орынды еншіледі. Сонымен қатар құрамамыз командалық көпсайыста үшінші орыннан көрінді.

Ұлттық құраманың бас бапкері Александр Ким бұл жетістік кешенді дайындықтың нәтижесі екенін атап өтті.

«Спортта нәтижені алдын ала жоспарлау — өте күрделі әрі жауапты жұмыс. Себебі нәтижеге әсер ететін жағдайлар өте көп: жарыс алдындағы спортшылардың дайындығы, оқу-жаттығу жиындарының өткізілуі, бақылау жаттығуларындағы сәтті орындалған тәсілдер саны, комбинациялар мен акробатикалық және қол тіреп секірулердің күрделілігі, басқа елдердің командалық құрамы мен олардың дайындық деңгейі, олардың жаттығуларындағы күрделілік пен тазалық, төрелік ету деңгейі, төрешілер саны мен беделі, сонымен қатар гимнастарымыздың жарыс кезіндегі көңіл-күйі мен хал-ахуалы.

Осының бәрін ескере келе, нәтиже өте жақсы деп санаймын: алтын, күміс және қола медальдар», — деді маман.

Бас бапкердің айтуынша, Азия чемпионатындағы бәсекелестік деңгейі өте жоғары болған.

«Қатысушылар құрамы өте мықты болды. Барлық снарядтардағы нәтижелер Еуропа чемпионатына қарағанда әлдеқайда жоғары. Қарсыластар қатарында әлемдік додалар мен Олимпиадаларда жетістіктерге жеткен көптеген үздік гимнаст болды. Мысалы: Тан Хуа Чун (Тайвань), Карлос Юло (Филиппин), Кадзума Кая мен Око Синасуке (Жапония), Хур Вунг (Корея), Ши Кон (Қытай), Махди Олфати (Иран) және басқалар. Сондықтан жүлде үшін күрес өте жоғары деңгейде өтті», — деді Ким.

Айта кетейік, Нариман Курбанов бұл жолы тек алтын жүлде иеленіп қана қоймай, өзінің бағдарламасының күрделілігін арттырды.

«Нариман өзінің бағдарламасына қосымша 0.3 ұпай қосты. Қазір оның бағдарламасы 6.2 деңгейінде. Мүмкін, тағы 0.2 қосып, 6.4-ке жеткізуі ықтимал. Бұл — айтарлықтай нәтиже және бәсекеге қабілетті», — деді бас бапкер.

Қазақстан құрамасы жарыс маусымын жалғастырып жатыр. Келесі аптада команда Ташкентте өтетін Challenge Cup кезеңіне қатысады. Құрама сапында:

— Ілияс Әзізов

— Дмитрий Патанин

— Зейнолла Ыдырысов

— Фарух Набиев

— Диас Тойшыбек

— Алтынхан Темірбек

Жаттықтырушылар мен төрешілер құрамы:

— Хусанжан Курбанов

— Азизбек Кудратуллаев

— Александр Ким (бас бапкер)

«Басты мақсат — Универсиада, әлем чемпионаты және басқа да халықаралық жарыстарға іріктеу өткізу. Нариман Курбанов пен Милад Карими Ташкентте өнер көрсетпейді. Олар жеке дайындық бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Күзде бізді әлем чемпионаты күтіп тұр. Ол Индонезияның Джакарта қаласында өтеді. Дайындықты Қазақстанда өткіземіз, сонымен қатар Жапонияға немесе Кореяға оқу-жаттығу жиынына барамыз. Себебі бұл елдердегі климат пен уақыт белдеуі чемпионат өтетін аймаққа ұқсас», — деп түйіндеді бас бапкер.