Екі қазақстандық Premier League Karate турнирінің Grand Winner атағын жеңіп алды

Марокко астанасы Рабатта жылдың соңғы Премьер-лига турнирі аяқталып, төрт кезең қорытындысы бойынша ең үздік каратистер марапатталды, деп хабарлайды Sport+.
Қазақстандық каратэ тарихында алғаш рет бірден екі спортшы Grand Winner атағына ие болды.
Мөлдір Жаңбырбай (-50 кг) және Әсел Қанай (-61 кг) Grand Winner номинациясын жеңіп алды.
Мөлдір үшін бұл марапат соңғы екі жыл ішіндегі екінші мәрте жеңіп алынған жетістік. Биылғы маусымда Жаңбырбай Парижде өткен алғашқы Премьер-лигада қола, Ханчжоуда күміс және Каирде алтын медаль жеңіп алды.
Әсел Париж бен Каирде күміс, Ханчжоуда қола медаль еншіледі.
Сондай-ақ Софья Берульцевада Grand Winner атағы үшін күресуге мүмкіндік болған еді, алайда Токиодағы Олимпиаданың қола жүлдегері Рабатта топтық кезеңнен өте алмай, қарсыластарына ұпай жағынан жол берді.